You are here

«Процесс прокурорының қылмыстық іс жүргізуде басшылық ету рөлі»

Версия для печатиВерсия для печатиPDFPDF

Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының 29 желтоқсан 2014 жылғы №163 бұйрығымен бекітілген Нұсқаулығымен (бұдан әрі - Нұсқаулық) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-процестік кодексінің (бұдан әрі - ҚПК) 193-бабына сәйкес нақты қылмыстық іс бойынша процесс прокуроры-ның қадағалауды ұйымдастыруын нақтылайды және реттейді.

ҚПК-нің 193-бабының 3-бөлігіне сәйкес, «Прокуратура басшысы нақты қылмыстық iс бойынша осы бапқа сәйкес қадағалауды жүзеге асыратын прокурорды (процесс прокуроры) айқындауға құқылы.

Процесс прокуроры қылмыстық іс бойынша қадағалауды сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап жүзеге асырады және бірінші сатыдағы сотқа мемлекеттік айыптаушы ретінде қатысады.

Процесс прокуроры алмастырылмайды, бірақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының нормативтік құқықтық актілерінде көзделген жағдайларда, прокуратура басшысының шешімі бойынша басқа процесс прокурорымен ауыстырылуы мүмкін» – деп көрсетілген.

Қылмыстық іс бойынша процесс прокурорының қадағалауды ұйымдастыруы және өкілеттігі

Нақты біздің аймағымызға келсек, облыс прокуроры немесе оның орынбасарлары, сондай-ақ, облыс орталығындағы қаланың прокуроры (Ақтау қаласы) қылмыстық процестің сотқа дейінгі сатысының заңдылығын қадағалауды жүзеге асыратын қызметкерлердің ішінен нақты қылмыстық іс бойынша процесс прокурорын айқындауға құқылы.

Қоғамдық-құқықтың қатынастардың жекелеген салаларында заңдылықты қадағалау дағдыларын талап ететін қылмыстық тергеп-тексерілетін жағдайда процесс прокурорын прокуратураның басқа да құрылымдық бөлімшелері қызметкерлерінің ішінен айқындауға болады.

Процесс прокуроры сотқа дейінгі тергеп-тексеру басталған кезден бастап нақты қылмыстық іс бойынша қадағалауды жүзеге асырады.

Процесс прокурорының қадағалауды жүзеге асыруы Сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізілімінде тіркелген арыздар мен хабарламалар бойынша ғана жүргізіледі.

Нұсқаулықтың 8-тармағына сәйкес, ҚПК-нің 193-бабы 3-бөлігін басшылыққа алып, прокуратураға сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталғаны туралы хабарлама келіп түскен сәттен бастап 24 сағат ішінде прокуратура басшысы процесс прокурорын айқындайды, бұл туралы қаулы шығарады, оның көшірмесі қылмыстық іс материалдарына қоса тіркеу үшін қылмыстық қудалау органына дереу жіберіледі.

Алайда, бұл норма жергілікті прокурорлармен барлық кезде сақтала бермейді. Яғни, процесс прокурорын істі тергеуді аяқтауға жақындағанда айқындап, ол тергеу әрекеттеріне қатыспай, формальді түрде тағайындалып, былай қарағанда, іс сотқа кеткесін, мемлекеттік айыптаушының міндетін атқарады, сөйтіп, нақты әрі тиімді қадағалау жүзеге асырылмайды.

Бұл ретте, процесс прокурорын айқындау мерзімінің біркелкі болмауы-на, Нұсқаулықтың 8-тармағының 2-абзацында көзделген, «Прокуратура басшысы қылмыстық процестің кез келген сатысында, процесс прокурорын айқындайды» - деген норма өз септігін тигізіп отыр.

Осы нормаға қарағанда, процесс прокурорын қай кезде айқындаса да, ол заңбұзушылық болып табылмайды. Бірақ та, оның кемшіліктерге әкеп соғатын жағымсыз салдарлары жеткілікті.

Нақтырақ айтсақ, процесс прокуроры бастапқы кезеңде тергеу әрекеттеріне қатыспағандықтан, тергеу барысын нақты білмейді, тергеу әрекеттерінің жоспарын тергеушіден талап етпейді, қандай шұғыл-тергеу шараларын жүргізу қажеттігін, олардың орындау мерзімін дұрыс қадағалау жасай алмайды. Нәтижесінде, тергеу кезіндегі қателіктер мен кемшіліктерді тек қылмыстық істі айыптау актісімен түскен кезде анықтап, ол өз кезегінде басқа заң бұзушылықтарға (тергеу, қамау мерзімінің бұзылуы және т.б.) әкеп соғады.

Сол себепті, Ақтау қалалық прокуратурасы, процесс прокурорларын тергеп-тексерудің барынша бастапқы сатысында, яғни хабарлама алғаннан кейін 24 сағат ішінде тағайындауды қамтамасыз ету қажет. Ал, қалған қала аудан прокуратуралары, тиісті өтінішхатты облыстық прокуратураға осы мерзім ішінде жолдауы тиіс.

Аудан прокурорларының процесс прокурорын айқындау құқығын беру жөнінде біз бұрын Бас прокуратураға бірнеше рет ұсыныс енгіздік. Дегенмен, бұл ұсыныс қолдау тапқан жағдайда, болашақта Нұсқаулыққа тиісті өзгерту-лер мен толықтырулар енгізіледі деп ойлаймын.

Процесс прокурорының өкілеттіктері туралы Нұсқаулықтың 10-тарма-ғында көрсетілген, оның бәрін тізіп атап жатудың қажеті жоқ деп санаймын.

Дегенмен, процесс прокурорының өкілеттіктері жөнінде біраз пікірталастар туындағаны бәрімізге мәлім. Яғни, процесс прокуроры нақты қандай өкілеттіктерді жүзеге асырады, ал қандайларын орындауға құқы жоқ деген сияқты. Айталық, қамауға алу, үйқамақ бұлтартпау шарасын қолдануға процесс прокуроры келісім бере ала ма?

Бұл ретте, облыс прокуратурасы Бас прокуратура бастамасымен алдағы уақытта болатын процесс прокурорлары туралы дөңгелек үстелдің қарауына өз ұсыныстарын енгізді.

Яғни, азаматтардың контситуциялық құқықтарын қозғайтын мәжбүрлеу шараларын қолдануға және тергеу әрекеттерін жүргізуге келісім беруді прокуратура органдарының басшысының айрықша өкілеттіктеріне жатқызу жөнінде ұсыныс берілді. Бұл мәселенің шешілуі де алдағы уақыттың еншісінде.

Процесс прокурорының өкілеттіктерді іске асыруы, ҚПК көзделген жағдайларды қоспағанда, прокуратура басшысының міндетті келісімінсіз, дербес жүзеге асырылады.

Бұл ретте, сотқа дейінгі сатыда қадағалау қызметінің сапасын арттыру мақсатында жекелеген мәселелерді прокуратура басшысымен келісуі мүмкін.

Процесс прокуроры өзінің өкілеттіктерін жүзеге асыру кезінде келесі мән-жайларға аса назар аударуы қажет.

Процесс прокурорын айқындау туралы қаулымен танысқаннан кейін, ол тез арада:

- іс құжаттарымен және қадағалау өндірісімен танысып, зерделеу қажет, соңғы болмаған жағдайда, оны ашуға шаралар алу қажет;

- сотқа дейінгі тергеп-тексерудің басталу заңдылығын, ҚПК-нің 180-бабында көзделген себептердің бар-жоғын, арызданушының жалған сөз жеткізгені үшін ескертілгені туралы қолының бар-жоғын, қылмыстық құқықбұзушылықтың дұрыс сараланғанын тексеру қажет;

- жүргізілген оқиға болған жерді қарап-тексерудің сапасы мен толықтығын тексеріп, ол жүргізілмеген немесе сапасыз жүргізілген жағдайда, өзінің қатысуымен жүргізу жөнінде  бастама көтеру қажет.

Сонымен қатар, ақпараттық-есеп құжаттарының базаға енгізілген-енгізілмегенін, оның дұрыстығын, сондай-ақ, айғақ заттар алынған жағдайда, олардың алу, тіркеу және сақтау талаптарының орындалысын тексеру қажет.

Қылмыстық іс бойынша бұрын қабылданған шешім болса, оның заңды-лығын тексеріп, заңбұзушылықтар анықталған жағдайда, оны күшін жоюға және бұзылған құқықтардың қалпына келтіруге шаралар алу қажет.

Істі зерделеп болғаннан кейін, ҚПК-нің 193-бабының 1-бөлігіне сай, нұсқау беріп, оның орындау мерзімін белгілеу қажет. ҚПК-нің 24-бабын қамтамасыз ету және істі созбалаңға салуға жол бермеу мақсатында, әрбір он күн сайын нұсқаудың орындалысын тексеріп, жаңа нұсқау берген жөн.

Сотқа дейінгі тергеп-тексеру барысында күдікті кінәлі болмауына немесе дәлелденбеуіне, соттардың ақтау үкімін не істі ақтайтын негіздер бойынша тоқтату туралы қаулы шығаруына орай істің қысқартылуына байланысты қамаудан босатылған жағдайда, процесс прокуроры дереу прокуратура басшысына жазбаша хабарлайды.

Оның кінәлі болмауына байланысты адамды қылмыстық жауапкершіліктен босату фактісі процесс прокурорының және қылмыстық қудалау органының қатысуымен кінәлі адамдардың жауапкершілігі туралы мәселені шеше отырып, прокуратура басшысының жанындағы жедел кеңесте міндетті тәртіппен қаралады.

Қабылданған процестік шешімнің заңдылығы туралы қорытынды және кеңес хаттамасы үш күн мерзімде (кеңес өткізілген күннен бастап) Департаментке ұсынылады, ол қабылданған шаралардың заңдылығы мен негізділігін тексереді.

 

Маңғыстау облысы прокуратурасының

Басқарма аға прокуроры                                                

Оразбаев Н.Қ.

 

Пікірлер

Жаңа пікірді жазу

Шрифт өлшемі
Қалыпты нұсқа
Үлкен өлшем
Үп-үлкен өлшем
Сайт түстері
Ақтың бойымен қара
Қараның бойымен ақпен
Көгілдірдің бойымен қара көкпен
Суреттер
Суреттерді өшіру/қосу
Теңшелімдер
Теңшелімдер
Normal version
Normal version
Мәтіндегі қателік:
Қате туралы хабарлағыңыз келсе "Хабарламаны жіберу" батырмасын басыңыз.